«

»

Апр 25

Ашаршылық: тарихи танымды кеңейтудегі ҚР Президенті Архивінің ролі

Үстіміздегі жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Бұл тәуелсіздіктің мәнін жас буынға, жалпы жұртшылыққа ұғындыру үшін КСРО-ң одақтас республикасы болып тұрған кезеңдегі еліміздің қасіретті тарихын таныта берудің маңызы зор. Аталған жылдардағы қазақ қасіреттерінің бірі – ашаршылық тақырыбы аз жазылмады және жазыла бермек. Өйткені бұл адамзат тарихындағы тұтас этносқа қатысты қолмен жасалған бірден-бір орны толмас қиянат. Бұл, ең бірінші кезекте – КСРО сияқты мызғымас алып мемлекеттің көсемінің жеке басына табынушылықтың нәтижесі.

Президент Архиві ашаршылық тақырыбын бүгін бірінші рет емес, ұдайы көтеріп келеді. Архивтер әдетте құжаттар жинақтарын өңдеп шығарады. Бұл тарихи танымды кеңейтудегі маңызы зор іс. Осы ғимараттағы Архив 1991 ж. бері, Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып, «Голод в казахской степи» / Сост. С. Абдираимов, И. Н. Бухонова, Е. М. Грибанова, Н. Р. Джагфаров, В. П. Осипов. — Алма-Ата: Қазақ университеті, 1991. — 208 с.; «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане 1931–1933 гг.» / Сборник документов и материалов / Министерство науки — Академия наук РК, Институт истории и этнографии им. Ч. Валиханова, АПРК, ЦГА РК/ Сост. К. С. Алдажуманов, М. К. Каиргалиев, В. П. Осипов, Ю. И. Романов. — Алматы: «Фонд ХХ1 век», 1998 . — 263 с.; ҚР Археография және деректану ұлттық орталығымен бірлесе отырып, «Трагедия казахского аула 1928–1934 гг. Том 1 1928–1929». / Сборник документов. Сост. А. С. Зулкашева, Г. Т. Исахан, Г. М. Каратаева. — Алматы «Раритет», 2013. — 743 с. құжаттар жинағының 1-ші томын шығарды және келесі томдары даярлануда. Сонымен қатар Архив мамандары 2011 ж. шыққан «Голод в СССР» жинағына құжаттарды іріктеп, өңдеп енгізді. Дегенмен құжаттар жинақтарында құжаттардың түрлері мен мазмұндарының сан түрлілігі соншалықты, олардың әрқайсысы жеткілікті бағасын, толыққанды талдауын алып жатпайды. Сондықтан ашаршылық тақырында жазылған жеке зерттеу кітаптарының, монографиялардың, жекелеген ғылыми мақалалардың маңызы зор. Тарихшы ғалым Талас Омарбеков аштық туралы монографияларын ҚР Президент Архивінің құжаттары бойынша жазды. Осы Архивтің қызметкерлері ашаршылық тақырыбына жазған «Қараусыз қалған қара көздер» //Ақиқат, 2011. №9. 82–90 б.; «Қарақшылық тудырған қасірет» 1928–1931 жж. //Ана тілі, 2009 ж. 24–30 желтоқсан. №51(992). 11 б.; «Сталинге домалақ арыз» //Ақиқат, 2010.  №8, 82–90 б. мақалалары республикалық журналдарда жарияланды.

Архивте ашаршылық туралы тарихи құжаттарды кеңінен жұртшылыққа таратудың тағы бір нысаны — көрмелер ұйымдастыру. Осы тарихи оқиғаның болғанына 80 ж. толуына орай 2009 ж. «1928–1933 жж. Қазақ ауылдары мен селоларының қасіреті» /Сост. А. А. Сейсенбаева. Алматы, 2009. -15 с./ тақырыбында, 2012 ж. «1930–1933 жж. Қазақстандағы аштық», /Сост. Б. А. Касенов. Алматы, 2012. -26 с./ тақырыбында құжаттар көрмесі ұйымдастырылған болатын. Оған жоғарғы және орта оқу орны студенттері мен мектеп оқушылары шақырылып, құжаттармен таныстырылған болатын.

Бүгінгі ұйымдстырылған «1930 жж. Қазақстандағы ашаршылық: құжаттар мен деректер» көрмесіне қазақ байларын тәркілей бастаған деректерден бастап, колхоз құрылысы аяқталғанға дейінгі деректер мен құжаттар және фотосуреттер енгізілді. Онда бай-құлақтарды тап ретінде жою, жергілікті жерлердегі астық дайындау, тұқым қорын жинау, ет өткізу барысындағы халыққа орынсыз, мөлшерсіз салынған салықтар, ондағы орын алған олқылықтар мен кемшіліктер, басшылардың әкімшіл-әміршілікпен басқару нысандары, құқық қорғау органдары жендеттері тарапынан болған озбырлық әрекеттері суреттелген құжаттар көрсетілді. Осындай құжаттың бірі көрмеде ілінген Сталин атына жазылған белгісіз автордың дөңгелек арызында Ақмола округінде Социалистік аудандағы елдің ащы жағдай ашына жазылған. Онда қарапайым колхозшы саяси жағдайды жете түсініп, жүйелей отырып жазған. Арыздан жергілікті жерлердегі экономикалық шаруашылық жағдайды ғана емес, балар үйі, саяси, білім беру мәселелері де көтерілген. Бір қызығы — кеңес билігі онда жазылған фактілерді емес, оның авторын іздестірумен айналысқан.

Көрмеде тағы мынадай сорақы құжат бар — Қазақ өлкелік партия комитетінің нұсқаушысының ел басшыларына жазған баяндамасы — Мерке ауданында салынып жатқан қант заводында ашыққан жұмысшылар жамырап тамақ сұрағанда, олардан құтылу үшін оның басшылары мынадай айла ойлап тапқан: такашы бар жүк машинасының үстіне шелек алып шығып оларды сықырлатады. Ішінде тамақ бар деп ойлаған  жұмысшылар жаппай такашқа лап беріп, соңғысына дейін мінген кезде бортын лезде жауып, айдалаға таулардың арасына апарып төккен. Осындай бірнеше рейс жасалған. Әлсіздіктен жұмысшылар алыс таудың арасынан елге қайтып орала алмай, сол жерде қырылған.

Көрмеде осындай құжаттармен қатар, ел арасында тараған шешек, сүзек, ісік сияқты эпидемия аурулары, халықтың ауылдарда жаппай қырылуы, каннибализм фактілері сияқты жан-түршігерлік құжаттар орын алды.

Президент Архивінде ерекше құнды құжаттар санатына жатқызылған қазақ зиялыларының мал шаруашылығының күрт төмендеуі, ашаршылық туралы жазған аты шулы «Бесеудің хаты», «Алтаудың хаты», қазақстан басшыларының елдегі жағдайды суреттеп И. Сталин атына жазған баяндамалары осы көрменің төрінен орын алған.

Құжаттардың тағы бір парақтары ашаршылықтан жазықсыз қатты зардап шеккен халықтың бір тобы – жетімдер мен тірі жетім балаларға арналды. Осы жылдары жүздеген қазақ балалары қараусыз қалып, көшелерде босып жүрді. Күніне далада қалған ондаған балалар терілді. Балалар үйі лық толды және онда олар лег-легімен қырылды. Ежелден баланы дүниеге әкелуден, оны жақсы көруден жомарт қазақ халқы аштық жылдары өз балаларын өздері жеді, қол-аяғын байлап, суға лақтырды.

Әрине, көрме құжаттары елде жайлаған ашаршылық пен жергілікті билік қысымына төтеп бере алмай 1931 жылдың күзінен бастап шекара асып кете барған босқындар туралы да суреттейді. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан аумақтарына, Батыс Сібір, Орта Волга өлкелеріне дейін өткен қазақтар ауыр жолдан әлсіреп, жүре алмаған балаларын қыр, жота, асу, тауларда, темір жолдарда тастап кетті. Босқындар ауыр жол тартып мақсатты жерге жеткен күнде де маңдайларынан жел еспеді. Қай жақта да аурудан, аштықтан, аяздан өлу жалғаса берді. Орта Волга, Батыс Сібір сияқты өлкелерде босқан елдің қалыңдығынан толыққанды көмектесуге шамалары жетпеді. Босқындар аш-жалаңаш күйінде далада түнеді. Өлген жануарлардың етін, суррогат (жалған өнім) жеді. Пәтерлердің есігін қағып, нан сұрады. Асханаларға барып нан қоқымдарын жеп, табақтарды жалады. Жұқпалы аурулар кең таралды. Сай-сайлар үйілген ақ сүйекке толды. Босқыншылықтан жақсылық көрмеген халық елге қайта қайтты және бұны кеңес билігі талап етті. Осы оқиғаны бейнелейтін көрмеде фотосурет пен құжаттар бар. 1933 ж. қайта оралған 350 босқыншыны Шығыс Қазақстанда өңіріндегі Семей қаласындағы тар бараққа орналастырған. Оның санитарлық жағдайын тексеріп барған арнайы комиссияның актісінде 50 градус аязда барақтағы отырған босқыншылардың жағдайы айтылған. Фотосуретте барактың ішінде 4-5 күнге дейін жатып қалған адамдардың мәйіті анық көрінеді.

Ауыл-шаруашылығын өзгертуден басқа, халыққа діни қысым жасалғаны да белгілі. Халықтың қалыпты өмір сүруіне жан-жақтан жасалған қысым жаппай халық наразылығын тудырып, жер-жерде жасырын ұйымдасқан ұсақ қозғалыстар мен ірі-ірі көтерілістер орын алды. Көрменің соңғы бөлігі осындай халық көтерілістері туралы құжаттарға арналды.

ҚР Президенті Архивінде қазір қолға алынып отырған ашаршылық құрбандарын анықтау жөніндегі жобасы бойынша жиналған материалдар мен дереккөздер осы Архивтің заңды иелігіне айналады. Сондықтан ашаршылық тарихы тақырыбын жұртшылыққа танытуда Президент Архивінің ролі арта бермек деп ойлаймын.

 

Поделиться новостью в фейсбуке:
Facebook

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы можете использовать эти теги HTML: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>

Facebook