Үстіміздегі жылдың 16 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Мәңгілік Eл» қайраткерлері: ақын Ғалым Жайлыбай» тақырыбында белгілі ақын Ғ. Жайлыбаймен шығармашылық кездесу өткізілді.
Кездесу салтанаты арнайы жиын залында жалғасып, ҚР Президентінің директоры Б. Ә. Жапаров сөз сөйлеп ашты. Ол алдымен ҚР Президенті Архиві елге еңбегі сіңген «Мәңгілік Eл» қайраткерлерін жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында осындай іс-шаралардың өткізіп тұратындығын және Архивтің бүгінгі құрметті қонағы – Ғалым Жайлыбай да осы мәртебеге ие екендігін атап өтті. Б. Жапаров, сондай-ақ, ақынның ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамының қасіретті тарихын суреттейтін туындыларының өскелең ұрпақ үшін айрықша маңызды екендігін айтты. Ақынның халықаралық марапаттарын атап өтті.
Кездесуге Ғ. Жайлыбайдың үзеңгілес әріптестері, белгілі ақындар – Құныпияұлы Кәдірбек, Бегманов Қасымхан, Қайран Әбубәкір келді. Олар ақынның шығармашылығы мен азамат ретіндегі ерекше қырларын әңгіме етті.
Кездесуде ақын жазған Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары мен саяси қуғындалған ұлт зиялылары тоғытылған КарЛАГ деген атпен әйгілі Қарағанды аумағына салынған лагерь, ондағы тұтқындардың жан азабы мен тән азабы туралы жазылған “Қара орамал”, 1932 жылдары осы лагерді салуға жер босату үшін Жаңаарқа ауданының аумағындағы Түгіскен деген жерден Шу өзені бойына күштеп көшірілген бір қауым ел туралы жазылған “Тамакөшкен” поэмалары туралы әңгіме болды, сондай-ақ дастандардан ҚР Президенті Архивінде сақталып тұрған аталмыш тарихи оқиғалар туралы құжаттармен ұштастырыла үзінділер оқылды.
Ғалым Жайлыбай өз сөзінде өмірбяны мен атқарған қызметі, еңбек жолын әңгімелей отырып, ақындыққа қалай келгенін, алғашқы шығармасы қалай туылғанын, сондай-ақ кездесуге түрткі болған дастандарының жазылуы ел тарихымен байланысты екенін, өзі сол тарихтың іздерін кешіп өскен арқаның төл баласы екенін қызықты етіп баяндады.
Кездесу барысында ҚР Президенті Архивінің кітапханасы ұйымдастырған Ғалым Жайлыбай шығармашылығы жөнінде кітап және архив құжаттары көрмесі таныстырылды.
Кездесу соңында Б. Жапаров ақынға оның баға жетпес шығармашылығы, ерен еңбегі үшін алғыс білдіріп, оған зор денсаулық пен жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
Іс-шараға сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, архивистер қатысты.
Nov 18