«ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ КӨРМЕ
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай облыс әкімдігі мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенттер сарайында «Тарихи жады және тағылым – рухани жаңғырудың негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға қатысушыларға «Тар жол, тайғақ кешу» тақырыбында тарихи-деректі көрме көрсетілді. Көрмеде Қазақстан Республикасының Президенті мұрағаты қоры мен Қызылорда облысының мемлекеттік мұрағаты қорынан тарихи құжаттар мен олардың көшірмелері және өткен ғасырдың ащы шындығын бейнелейтін біршама суреттер қойылған. Сонымен қатар, басылым беттерінде саяси қуғын-сүргінге, ашаршылыққа байланысты түрлі жанрда жазылып, жарық көрген мақалалар көрмені толықтырып тұр. ХХ ғасыр – еліміз үшін зұлмат ғасыр. Халқымыздың жартысынан астамы қырғынға ұшыраған қайғылы кезең. Оны еске алу, бабалар рухына тағзым ету – біздің, кейінгі келер ұрпақтың міндеті. Сол себепті де бұл көрме айрықша мағынаға ие.
Шакизат СЫРЫМ
Ақмешіт жастары, 31.05.2017