2018 ж. 31 мамыр. АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы ашаршылық мәселесіне қатысты ғылыми зерттеу орталығын құруды ұсынды. Осы орайда ол ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ашаршылық мәселесіне қатысты зерттеу орталығын құру керек – сенатор 2018 жылғы 31 мамыр 14:29.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы ашаршылық мәселесіне қатысты ғылыми зерттеу орталығын құруды ұсынды. Осы орайда ол ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен 20 ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштық адамзат баласы тарихындағы жан түршіктірер ең зұлмат, ауыр қасірет болып қалды. Кеңестің жүйе кезіндегі бұл нәубеттен ең ауыр зардап шеккен Қазақстан болатын, бірақ осы ашаршылық нәубеті ұзақ жылдар бойы аса құпия болып айтылмады. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен ашаршылық және оның зардаптары зерттеліп, бұл нәубеттің қасіретін бүгінгі өскелең ұрпақтың білуіне, ұлтымыздың осы бір зобалаң кезеңді, сондай-ақ оның құрбандарын үнемі есте ұстап отыруына мүмкіншілік жасалды», – деп тоқталды сенатор. Мұрат Бақтиярұлының пайымынша, ашаршылықтың залалы мен зардабын әлі де нақтылай түсу қажет. Сондықтан Қазақстан тарихындағы осы нәубетті кезеңді есте қалдыру үшін Үкімет алдағы уақытта бірқатар мәселелерге назар аударуы тиіс. «Үкімет деңгейінде отандық және халықаралық мол тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып, тарихи құжаттар мен фактілердің негізінде ашаршылықтың құрбаны болған отандастарымыздың біртұтас мемлекеттік реестрін жасау үшін ашаршылық мәселесіне қатысты ғылыми зерттеу орталығын құрса. Екіншіден, Үкімет деңгейінде қуғын-сүргіннің қасіретіне және ашаршылық құрбандарына ресми құқықтық-саяси баға берілетін арнайы шешім шығарылуы тиіс. Үшіншіден, зұлмат ашаршылықтың салдары әлі де болса кеңінен айтылып, барлық ақпарат құралдары мен арнайы кинофильмдер арқылы жас ұрпаққа терең жеткізу – біздің міндетіміз» Сонымен қатар депутат ашаршылық тарихы мен оның зардабын өзге бір халықтан кек алу үшін саяси ойын құралдарына айналдыруға болмайтынын қадап айтты. «Бұл қасіреттің саяси сипатынан әлеуметтік-рухани салдары анағұрлым жоғары тұрғанын үнемі ескеруіміз керек. Халқымыздың өз тарихында жүріп өткен ауыр да, күрделі әрі зардапты жолдарын жан-жақты зерттеп, одан дұрыс қорытынды жасап, тағылым мен ғибрат ала білсек, мұның бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін терең түсінуімізге зор ықпал ететіні сөзсіз», – деп түйді Мұрат Бақтиярұлы.
Фото: parlam.kz
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz https://www.inform.kz/kz/asharshylyk-maselesine-katysty-zertteu-ortalygyn-kuru-kerek-senator_a3271454