Қазақ халқы ХХ ғасырда өзінің санғасырлық тарихындағы ең азапты қасіретін бастан кешірді. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: сталиндік ұжымдастырудың қылмысты зардабынан 1,5 миллион қазақ ашаршылықтан қырылды. 1,3 миллион қазақ бұрынғы КСРО аумағынан ауа көшуге мәжбүр болып, қуғындау мен мұқтаждықтан бас сауғалады. Осыдан-ақ әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын түсінуге болады, – деп атап көрсетті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ғалымдар мен қоғамтанушылардың ортақ пікірін білдіре отырып, Қазақстандағы 1930-шы жж. ашаршылық туралы материалдарын кең ауқымда жинау және қазақ халқы құрбандарының тізімін жасау туралы идеясын ұсынады. Көрменің ашылуы барысында қазақ даласындағы 1930-жылдардағы ашаршылық нәубеті құрбандарының деректері базасын құру жөніндегі жобаның тұсаукесері, жетекші тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің және зерттеушілердің қатысуымен Дөңгелек үстел жұмысы өткізіледі.
Архив материалдары, естеліктер, деректер базасы www.asharshylyq.kz веб-сайт арқылы қолжетімді болады. Әрбір жеке азаматтын халық жадысында сақталған ақпаратты және 1930-шы жж. ашаршылық құрбандарының есімдерінен туратын бірыңғай деректер банкісін толтыру мүмкіндігі болады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Қатысуға Қазақстан Республикасындағы орталық мемлекеттік мұрағаттардың, ғылыми-зерттеу мекемелері және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері шақырылады. Дөңгелек үстел материалдары www.asharshylyq.kz веб-сайтында жарияланады.
Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві
050010, Алматы, Достық даңғылы, 87-б
Байланыс телефондары: 8 (727) 264-69-07, 8 (727) 262-21-72
Факс: 8 (727) 264-68-21
e-mail: office@archive.president.kz, arcobotd@mail.ru, arcbibl@mail.ru