Құрметті қонақтар, әріптестер!
ХХ ғасырдың 30-жылдарында ғасырлардан келе жатқан көшпелі мал шаруашылығы жүйесін тым аз уақытта басқа шаруашылық нысанына өзгертуге тырысты. Қазақ шаруашылығын жаппай ұжымдастыру науқаны басқа материалдық ресурс болмағандықтан халықтың өз күші мен мал-мүлкі есебінен ұйымдастырылды және еш әлеуметтік талдама жасалмастан әкімшілдік-әміршілдік жүгенсіздікпен жүргізілді. Нәтижесінде қазақ ауылдары тұрғындарының әл-ауқаты нашарлап, елді ашаршылық жайлады. Ашаршылықтан миллиондаған адам опат болды. Мыңдаған отбасы мал-жандарын сақтап қалу мақсатымен шаруашылықтарымен қоса шекаралас жатқан шет елдерге босты.
Бұл қасірет қазақ халқына үлкен демографиялық соққы жасап қана қоймады, елді моральдық-психологиялық күйретті. Кем дегенде 49% астам қазақ халқы қырылып кетті деген тарихшыдардың пікіркі бар. Кеңес режімінің саяси эксперименттері тұтас этностың жойылып кету қаупін туғызды. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: сталиндік ұжымдастырудың қылмысты зардабынан 1,5 миллион қазақ ашаршылықтан қырылды. 1,3 миллион қазақ бұрынғы КСРО аумағынан ауа көшуге мәжбүр болып, қуғындау мен мұқтаждықтан бас сауғалады. Осыдан-ақ әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын түсінуге болады», – деп атап көрсетті.
Ашаршылық мәселесі қаншалықты зерттелді десек те, тарихнама бұл қасіреттің толыққанды бет-бейнесін бермеді.
Шешімін таппаған мәселелердің бірі ашаршылық құрбандарының саны ғана емес, есімдерін анықтау. Тарихышыларға әлем тарихы мысалдарынан белгілі ауқымды тарихи фактілермен қатар, ұлттың жадында қандастарының есімдерін сақтауға аса көңіл бөлінетіні аян. Поляк, еврей, армян, неміс халықтарының жадында тарихи жекелеген Адамның есімі мемлекеттік құрылыстың мығым іргесінде, тарихи сананы қалыптастыруда үлкен үлесін қосады.
Тарихи дәуірдің бір ағымындағы халық бүгінгі күнін өткенімен байланыстырады және оны өз тарихы туралы естелік пен оған деген құрмет қана болашаққа жетелейді. Елбасымыздың “Мәңгілік Ел” идеясы дәл осы тұрғыда ұғынылған.
ХХ ғасыр барлығымызға – адамзатқа қарсы ең жоғарғы дәрежедегі бейморальдық және құқық таптау актілерімен: сталинизм және гитлеризммен есте қалды. Екі саяси науқанда да – жаппай террор, саяси өлтіру, шоғырландыру лагерлері, бейбіт елдерге қарсы қуғын-сүргін болды. Өз халқына бағытталған сталинизм қылмысы халыққа үлкен демографиялық соққы жасады. Халық саны туралы айтқанда жадымызда жекелеген адамдардың есімдері, тағдырлары да назардан тыс қалмауы керек. Тарих тұлғаларсыз танылмауы керек және бұрынғысынша иделогиялық түсініктер мен қағидалардың қатаң шектеуінен шығарылуы тиіс.
1930 жылдардағы оқиғалар мен оның салдары негізіндегі аштық іс жүзінде қазақ ұлтын түп-тамырымен құртуға бағытталған әлеуметтік қасіретке айналды. Тұрар Рысқұлов 20-шы жылдардың өзінде «Түркістандағы Қазан төңкерісін ұйымдастырушылардың бірі Тоболин Түркістан Орталық атқару комитетінің отырысында қырғыздар (қазақстар) марксистік тұрғыдан экономикалық жағынан әлсіз халық ретінде бәрібір құрып кетуі тиіс екендігін ашық жеткізгенін, сондықтан революция үшін қаражатты штықпен күреске емес, майданға жұмсаған маңызды» екендігін айтады. 1930-шы жылдардың басында КСРО зауыттарға жабдықтар айырбастау үшін шетелге 12 млн. тонна астық жібереді. Кеңестік (сонымен қатар қазақстандық) астықты тұтынушылардың қатарында негізінен Англия, Италия, Германия, Бельгия және т. б. елдер болды.
Халықтың ашуына, партия мен үкімет басшылығына жазылған хаттар мен жолдауларға қарамастан сталиндік басшылық қазақ халқының қасіретін әлемдік қауымдастықтан саналы түрде жасырып, одан кейінгі уақыттарда халықтың жадысынан оның тарихының қасіретті кезеңдерін өшіруге тырысты. «Ашаршылық және қазақтардың жаппай қырылуы ресми түрде тіркелмегендіктен» бүтіндей халықтың тең жартысының қырылуына жауап беретін қылмыскер де, қылмыс та болмады.
ҚР Президенті Архивінің ашаршылық тақырыбында жұмыс жүргізіп, Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылықтың құрбандарының бірегей банкін жасау заңды құбылыс. ҚР Президенті Архиві Қазақстанның жаңа тарихының құжаттарының сақтаушысы және тоталитаризм кезеңінің саяси режимінің құжаттарының мирасқоры болып табылады.ҚР Президенті Архивінің құжаттары негізінде «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане в 1931–1933 годах», «Голод в СССР. 1929–1934», «Трагедия казахского аула» және т. б. құжаттар жинақтары дайындалды.
Архивте қорларымен жұмыс істеген мамандар мен зерттеушілердің зерттеу тақырыптарына жүргізілген талдау бұл мәселеге деген қызығушылықтың тұрақтылығын көрсетеді. Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылықтың қасіретін ашып көрсететін көптеген құжаттар болғанымен, негізінен зерттеулер өкім құжаттары бойынша тарихи мәліметтер мен фактілерді нақтылау бағытында ғана жүргізіледі. Осы жердегі архивтердің міндеті – өткеннің құжаттық мұрасын сақтап қана қою емес, құжаттық негіздегі зерттеулер мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда аталған тақырып бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді, бірқатар монографиялар жарық көрді, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізілді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі архивтердің зерттеушілерге ашылуы, жаңа деректердің ғылыми айналымға енгізілуі, осылардың негізінде заманауи зерттеулер мен құжаттық жинақтардың, оның ішінде ҚР Президенті Архивінің құжаттары негізіндегі жинақтардың пайда болуы, күнделікті тарихқа деген қоғамдық қызығушылықты арттырды. Тарихты бұл тұрғыдан зерттеу сол өткен күндердегі қоғамдағы жағдайды сезінуге мүмкіндік беретін архив құжаттарының ғылыми айналымға енгізілуіне байланысты.
Қазіргі уақытқа дейін миллиондаған құрбандардың есімдері белгісіз. Көшпелі қазақтар арасында, христиан дініндегі тұрғындардан айырмашылығы – метрикалық жазу тәжиребесі болмаған, тек жыл сайын мал басын тізімдегенде олардың иелері туралы мәлімет көрсетілген, бұл іздеуде қиындық туғызады. Орталық Азия елдерінде азаматтық куәландыру актілерін жазу 1934 жылы ғана енгізілді.
Әлеуметтік портреттерді реконструкциялау, жалпы оқиғаларды тарихи зерттеу кезінде өткен тоталитарлық жүйе дәуірінің идеологиялық талаптарына орай, тарихи баяндау формалды мазмұнға ие болды. Зерттеуші шағын деңгейдегі тарихты: жеке отбасылар тарихы, генеалогияны зерттеуде ақпараттың аздығына тап болады. Тарихи өткен кездің жеке өзекті мәселелері бойынша деректер базасын жасау дереккөздік шешім болуы мүмкін.
Архивтің 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандары бойынша Бірыңғай деректер базасын жасауы, Қазақстанда алғашқы рет олардың аты-жөні көрсетілген тізімін құруы Қазақстанның жаңа тарихының қайғылы оқиғаларын мамандардың зерттеуі үшін дереккөздік базасына айналады.
Жұмыстың нәтижесі ретінде осы сипатты деректер базаларын жасау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар, архивтік эвристика және бұқаралық тектегі құжаттармен жұмыс істеу бойынша ұсыныстар дайындалады.
Өз халқымыздың тарихына мұқият қарау, құрбандардың есімдерін есте сақтау – біздің ұрпақтың ата-бабаларымыз алдындағы парызымыз. Архивке тұрақты сақтау үшін мәліметтерді беру, 1930 жылдардағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық құрбандары туралы ақпараттық ресурстарды жасау құжаттардың сақталуына және келер ұрпақ үшін ұлт жадысын сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл – «Мәңгілік ел» идеясының негізгі постулаттарының бірі.