Жоба туралы

2016 ж. наурызынан ҚР Президенті Архивінің бастамасымен қолға алынған “1930–1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық” жобасы аясында www.asharshylyq.kz республикалық бірегей деректер базасы өңделді. Бұл базаның басты мақсаты аталған кезеңдегі ашаршылық құрбандарының есімін анықтау арқылы қазақ халқының тарихи мұрасын жаңарту болып табылады. Жаңа іске қосылып отырған  сайт жұмысы халық жады мен архивтік деректер негізінде жүргізілуі көзделген.  Ашаршылықтан қаза болған белгісіз қазақстандықтардың есімін қалпына келтіру –  өлгенді тірілтумен тең келетін кешенді ғылыми-зерттеу жұмысы «Мәңгілік ел» идеясы қағидаттары талап ететін сұраныстарға жәдігер бола алады. Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты мен ҚР Президенті Архиві бірлесіп даярлаған Үндеу осы жоба аясында үстіміздегі жылы 21 наурызда  өткен “Халық жады – “Мәңгілік Ел” мұрасы” атты Дөңгелек үстелде бекітілді. Үндеу ел тарихына жеңіл қарай алмайтын барлық қазақстан азаматтарына арналды. Өйткені онда халықтың өзінің қатысуымен жүзеге асатын мұрат – ашаршылық құрбандары туралы деректер базасын есте қалған (ашаршылықты көзімен көрген ата-әжелерінің әңгімесі бойынша) мәліметтермен толтыру мүмкіндігі  көрсетілген. Идеяның бастамашылары бұл кешенді жұмыс жұртшылық арасында міндетті түрде пәрмен алады, әр азамат көмескі қалған ел тарихын бірлесе жазуға ат салысады деп сенеді.

Мәліметтерді енгізу үшін сайтта көрсетілген мәлімет толтыру формасы бойынша толтыруға болады. Мәліметтер базасында ашаршылық құрбанының жеке бас мәліметтері – аты-жөні, тегі, ұлты, туған күні мен қаза болған күні, туған жері мен қаза болған жері, әлеуметтік санаты жазылады. Мұнда түскен мәліметтер ашаршылық құрбандары деген айдарға енгізіледі. Дәл осы нысанда ашаршылық жылдары шетелдерге ауып кеткендер туралы мәліметтер босқыншылық деген айдарға, ал жалпы нәубет жылдарындағы отбасы мүшелерінің тағдыры туралы естеліктер жіберілсе естеліктер деген айдарға енгізіледі. Сонымен бірге мәлімет алынған дереккөздері көрсетіледі. Дерекөз ретінде жеке тұлғалардан басқа мемлекеттік архивтер,  сонымен қатар кітаптар мен жинақтар да бола алады. Деректер базасындағы дереккөздер мен әдебиеттер тарауының архив құжаттары деген айдарына республикалық, облыстық, қалалық, аудандық архивтерден жиналған құжаттар орнатылады. Архив құжаттары бойынша мәліметтер іздестіру жұмысын архив мамандары жүзеге асырады және табылған мәліметтерді тиісті айдарларға енгізіп отырады.

Facebook