АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда ҚР Президентінің мұрағатында 1930-шы жылдардағы жаппай ашаршылыққа қатысты «Халық жады – мәңгілік мұра» атты кең ауқымды дөңгелек үстел өтті.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл іс-шараға белгілі тарихшы, демограф ғалымдар, орталық мемлекеттік мұрағаттардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты. Шараның басында ашаршылық құрбандарына бағышталып құран оқылды.
Өзінің кіріспе сөзінде ҚР Президенті мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров 1917-1934 жылдар арасында, бар болғаны 17 жыл ішінде қазақ халқының жартысынан астамы ашаршылықтан қырылғандығын айтты.
«Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: сталиндік ұжымдастырудың қылмысты зардабынан 1,5 миллион қазақ ашаршылықтан қырылды. Ал 1,3 миллион қазақ бұрынғы КСРО аумағынан ауа көшуге мәжбүр болып, қуғындау мен мұқтаждықтан бас сауғалады», – деген болатын. Қазақстанда азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (АХАЖ) 1934 жылы ғана ашылды. Оған дейін елімізде халық санын есептейтін ұйым болмаған. Осы себептен, зерттеуші ғалымдар аштықтан қырылған қазақтардың саны жөнінде әр түрлі деректер айтып келеді. Біреулер 2 млн. 200 мың қазақ қырылды десе, тағы бірінің есептеуінше 4 миллионға жуық қазақ қырылған. Оның үстіне, Қазақстандағы ашаршылық туралы деректер құпия сақталды, сыртқа шығарылмады», – деді Б. Жапаров.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда ашаршылыққа қатысты тек жалпы статистикалық мәліметтердің ғана бар екендігін айтып, аштан қырылған адамдардың нақты аты-жөндері туралы мәліметтердің жиналмағандығына өкініш білдірді.
«Миллиондаған отандастарымыз аштықтан өзектері үзіліп, дәрменсіз күйде өмірден өтті. Көбісі сүйектері шашылып, айдалада көмусіз қалды. Олардың жартысына жуығы – жас балалар. Сондықтан, біз сол ашаршылық құрбандарының деректер базасын жасауды алдымызға мақсат етіп қойдық. Оған құрбан болғандардың аты-жөндері ғана емес, отандық және шет елдік ғалымдардың Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты жасаған зерттеу жұмыстары, кітаптары, мақалаларының электронды нұсқалары енгізіледі. Сондай-ақ, ашаршылыққа байланысты аудио, фото және бейнематериалдар топтастырылады. Бұл іске барша қазақстандықтарды, мұрағатшыларды, тарихшы ғалымдарды атсалысуға шақырамыз. Біз, бүгінгі қазақ жұртшылығы, сол құрбан болғандардың жоқтаушыларымыз. Ұмытылып бара жатқан отандастарымыздың атын жаңғыртайық, түгендейік. Ұрпақ ауысар, бірақ олардың есімдері тарихта қалуы керек. Бұл бүгінгі ұрпаққа сабақ. Мұндай нәубет енді қайтып, қазақтың басына төнбесін», – деді Б. Жапаров.
Дөңгелек үстел барысында қазақ даласындағы 1930-жылдардағы ашаршылық нәубеті құрбандарының деректер базасын құру жөніндегі жобаның тұсауы кесілді. Енді архив материалдары, естеліктер, деректер базасы www.asharshylyq.kz веб-сайт арқылы қолжетімді болады. Онда әрбір Қазақстан азаматы ашаршылық құрбандарының есімдерінен тұратын бірыңғай деректер банкін өз деректерімен толықтыра алады.
Дөңгелек үстел барысында ашаршылық тақырыбына қатысты фото және тарихи құжаттардан тұратын арнайы көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қатысушыларға белгілі режиссер, сценарист Еркін Рақышевтың ашаршылық тақырыбына түсірген деректі фильмі көрсетілді және баяндамалар оқылды.
Айта кетелік, бүгінгі іс-шараны ҚР Президентімұрағаты ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Автор: Айбота Жаппарберген